Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 
1997 ж. 11 шiлдедегі № 151-I Қазақстан Республикасының Заңы 
(2013.03.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

 

1 тарау. Жалпы ережелер

(1 - 7 баптар)

2 тарау. Тiл - мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында

(8 - 15 баптар)

3 тарау. Тiл - білім беру, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласында

(16 - 18 баптар)

4 тарау. Тiл - елдi мекен атауларында, жалқы өсiмдерде, көрнекi ақпаратта

(19 - 22 баптар)

5 тарау. Тiлдi құқықтық қорғау

(23 - 26 баптар)

6 тарау. Тiлдi шетелдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда пайдалану

(27 бап)

Түпнұсқада мазмұны жоқ

 

Осы Заң Қазақстан Республикасында тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн, мемлекеттiң оларды оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай жасау жөніндегі мiндеттерiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тiлге бiрдей құрметпен қарауды қамтамасыз етедi.

1 тарау. Жалпы ережелер

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара)

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) диаспора - өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этностық қауымдастық);

2) ономастика - тiл бiлiмiнiң жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бөлiмi;

3) ономастика комиссиясы - Қазақстан Республикасының аумағындағы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру және сақтау бойынша бiрыңғай көзқарасты қалыптастыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейтiн консультациялық-кеңесшi орган;

4) орфография - дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн қағидалар жүйесi;

5) Республикалық терминология комиссиясы - экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультациялық-кеңесшi орган;

6) топонимика - ономастиканың географиялық объектiлердiң атауларын, олардың пайда болуының, өзгеруінің және қолданылуының заңдылықтарын зерттейтiн бөлiмi;

7) транслитерация - бiр графикалық жүйедегi мәтiндер мен жекелеген сөздердi басқа графикалық жүйенiң құралдарымен әрiппе-әріп арқылы беру;

8) уәкілетті орган - тілдерді дамыту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-бап. Осы Заңның реттейтiн мәселесi

Мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтiн мәселе болып табылады.

Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және дiни бiрлестiктерде тiлдердiң қолданылуын реттемейдi.

3-бап. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар

Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.

Тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі.

Мемлекеттік тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тілі.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

Үкiмет, өзге де мемлекеттік, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар:

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;

Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;

қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

5-бап. Орыс тілін қолдану

Мемлекеттік ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

6-бап. Мемлекеттiң тiл жөніндегі қамқорлығы

Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркiн таңдауына құқығы бар.

Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды.

Ұлттық топтар жинақты тұратын жерлерде iс-шаралар өткiзiлген кезде олардың тiлдерi пайдаланылуы мүмкiн.

7-бап. Тiлдердiң қолданылуына кедергi келтiруге жол бермеу

Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.

Қазақстанда мемлекеттік тiлдiң және басқа да тiлдердiң қолданылуына және оларды үйренуге кедергi келтiретiн лауазымды адамдардың iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

2 тарау. Тiл - мемлекеттік және мемлекеттік емес

ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында

 

8-бап. Тiлдердiң қолданылуы

Мемлекеттік тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады.

9-бап. Мемлекеттік органдар актілерінiң тілі

Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тілінде жүргiзiлуi мүмкiн.

2006.05.06 № 146-III ҚР Заңымен 10- бап толықтырылды

10-бап. Құжаттама жүргiзу тілі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттік тiлде және орыс тілінде қамтамасыз етiледi.

Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушылары құжаттаманы мемлекеттік тілде және (немесе) орыс және (немесе) ағылшын тілдерінде жүргізуге құқылы.

11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тілі

Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттік тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.

12-бап. Қарулы Күштер мен құқық қорғану органдарындағы тiл

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, сондай-ақ әскери және әскерилендiрiлген құрамалардың барлық түрiнде, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттік тiлдiң және орыс тілінiң қолданылуы қамтамасыз етiледi.

13-бап. Сот iсiн жүргiзу тілі

Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттік тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тілі немесе басқа тiлдер мемлекеттік тiлмен тең қолданылады.

14-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi жүргiзу тілі

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттік тiлде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде жүргiзiледi.

 

 2006.05.06 № 146-III ҚР Заңымен 15- бап толықтырылды

15-бап. Мәмiлелер тілі

Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмiлелерi қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасы қоса берiлiп, мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жазылады.

Шетелдiк жеке және заңды тұлғалармен жазбаша нысанда жасалатын мәмiлелер мемлекеттік тiлде және тараптар үшiн қолайлы тiлде жазылады.

Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушылары мәмілелерді мемлекеттік тілде және (немесе) орыс және (немесе) ағылшын тілдерінде жасасуға құқылы.

3 тарау. Тiл - білім беру, ғылым, мәдениет

және бұқаралық ақпарат құралдары саласында

 

2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

16-бап. Тiл - білім беру саласында

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiлде, ал ұлт топтары жинақы тұратын жерлерде солардың тiлдерiнде жұмыс iстейтiн мектепке дейiнгi балалар ұйымдарын құру қамтамасыз етiледi.

Балалар үйлерiнде және оларға теңестiрiлген ұйымдарда оқыту, тәрбие беру тілін жергiлiктi атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгiлейдi.

Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімдi мемлекеттік тiлде, орыс тілінде, ал қажетiне қарай және мүмкiндiгi болған жағдайда басқа да тiлдерде алуды қамтамасыз етедi. Білім беру ұйымдарында мемлекеттік тiл мен орыс тілі мiндеттi оқу пәнi болып табылады және білім туралы құжатқа енгiзiлетiн пәндер тiзбесiне кiредi.

17-бап. Тiл - ғылым және мәдениет саласында

Қазақстан Республикасында ғылым саласында, диссертацияларды ресiмдеу мен қорғауды қоса алғанда, мемлекеттік тiл мен орыс тілінiң қолданылуы қамтамасыз етiледi.

Мәдени шаралар мемлекеттік тiлде және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жүргiзiледi.

2012.18.01. № 546-ІV ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк отыз күн өткен соң қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)

18-бап. Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі

Қазақстан Республикасы баспа басылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тiлдiң, басқа да тiлдердiң қолданылуын қамтамасыз етедi.

Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, теле-, радиоарналар арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi теле-, радиобағдарламалардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi теле-, радиобағдарламалардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.

 

 

4 тарау. Тiл - елдi мекен атауларында, жалқы өсiмдерде, көрнекi ақпаратта

 

2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара)

19-бап. Топонимикалық атауларды, ұйымдардың атауларын пайдалану тәртібі

Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлуге тиiс.

Мемлекеттік ұйымдардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң атаулары мемлекеттік тiлде және орыс тілінде берiледi. Бiрлескен, шетелдiк ұйымдардың атаулары мемлекеттік тiлде және орыс тілінде транслитерация арқылы берiледi.

20-бап. Кiсi есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн жазу

Кiсi есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн ресми құжаттарда жазу Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес келуге тиiс.

21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тілі

Мемлекеттік органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттік тiлде жазылады.

Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде жазылады.

Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тiлде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.

Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттік тiлде және орыс тілінде қажеттi ақпарат болуға тиiс.

Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттік тiлдегi және орыс тiліндегі аудармасымен қамтамасыз етiледi.

Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттік тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде он жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.

 

2008 ж. 21 қарашадағы № 89-ІV ҚР Заңымен 22-бап жаңа редакцияда  (бұр. ред. қара)

22-бап. Тіл - байланыс саласында

Қазақстан Республикасының шегінде байланыс саласында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге почта-телеграф жөнелтілімдері белгіленген халықаралық ережелерге сәйкес жүргізіледі.

 

5 тарау. Тiлдi құқықтық қорғау

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара); 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 23-бап өзгертілді

23-бап. Тiлдi мемлекеттік қорғау

Қазақстан Республикасында мемлекеттік тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды.

Тiлдiң дамуы мемлекеттiк тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қамтамасыз етiледi.

Мемлекеттік тiлдi белгiлi бiр көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi.

2007.27.07. № 315-III ҚР Заңымен  24 -бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен 24-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара)

24-бап. Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттiк тiлдің және басқа да тiлдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергi келтiру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен 24-1-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi)

24-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) республикалық терминология және ономастика комиссияларын құрады;

2) облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгі ережені бекітеді;

3) өзіне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 25-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара) 25-бап өзгертілді

25-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлеттi орган:

1) тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттік саясаттың iске асырылуын қамтамасыз етедi;

2) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

3) орталық және облыстардың республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарында Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

4) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасайды, тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзеді;

5) тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттік саясатты iске асыру жөніндегі қызметтiң ақпараттық, әдiстемелiк қамтамасыз етiлуiн ұйымдастырады;

5-1) республикалық терминология және ономастика комиссияларының қызметiн қамтамасыз етеді;

6) ономастика комиссияларының қызметiн үйлестiредi.

2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды; 2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

7) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан РеспубликасыныңЗаңына сәйкес міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарынтәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;

8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 25-1-баппен толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен 25-1-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара)

25-1-бап. Ономастика комиссияларының құзыреті

1. Республикалық ономастика комиссиясының құзыретіне:

1) ономастика мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

2) облыстарға, аудандар мен қалаларға атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру;

3) Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру бойынша қорытындылар беру;

4) облыстық маңызы бар қалалардың қаладағы аудандарына, құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру;

5) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қаладағы аудандарына, құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының қорытындыларына келісім беру жатады.

2. Облыстық ономастика комиссияларының құзыретіне:

1) ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру;

2) аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру жатады.

3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының құзыретіне Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін - республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қаладағы аудандарына, құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру жатады.

4. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша шешімді тиісті ономастика комиссияларының оң қорытындылары болған кезде ғана қабылдайды.

 

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 25-2-баппен толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара) 25-2-бап өзгертілді

25-2-бап. Облыстың республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органының құзыретi

Облыстың республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы:

1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

2) орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және аудандық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

2-1) деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

3) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар береді, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген негізде және тәртіппен әкімшілік ықпал ету шараларын қолданады;

3-1) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тексерулер жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;

4) мемлекеттік тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған облыстық маңызы бар шаралар кешенiн жүзеге асырады;

5) облыстық ономастика комиссиясының, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ономастика комиссияларының қызметiн қамтамасыз етедi;

 6) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 25-3-баппен толықтырылды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi) (бұр.ред.қара) 25-3-бап өзгертілді

25-3-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының құзыретi

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы:

1) 2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)

2) мемлекеттік тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейдегi iс-шараларды жүргiзедi;

3) облыстардың атқарушы органдарына ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi;

4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2011.06.01. № 378-IV ҚР Заңымен 25-4-баппен толықтырылды

25-4-бап. Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау

Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.

Тексеру «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

 

2013.21.01. № 72-V ҚР Заңымен 25-5-баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізiлдi)

25-5-бап. Ономастика жұмысының критерийлері

Қазақстан Республикасының аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімдерін беру жөніндегі ономастика жұмысының критерийлері:

1) тарихи, географиялық, табиғи және мәдени ерекшеліктерді ескеру;

2) әдеби тіл нормаларына сәйкестік;

3) бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру;

4) жеке адамның есімімен аталған, ол берілген (өзгертілген) күннен бастап кемінде он жыл өткен соң берілген есімді қайта атау, оны өзгерту;

5) аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да жеке адамдар қайтыс болған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң олардың есімдерін беру болып табылады.

26-бап. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)

6 тарау. Тiлдi шетелдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда пайдалану

 

27-бап. Тiл - халықаралық қызметте

Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктерiнiң қызметi мемлекеттік тiлде, қажет болған жағдайда басқа да тiлдердi пайдаланып жүзеге асырылады.

Екiжақты халықаралық шарттар, әдетте, уағдаласушы тараптардың мемлекеттік тiлдерiнде жасалады, көпжақты халықаралық шарттар оған қатысушылардың келісімiмен белгiленген тiлдерде жасалады.

Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкiлдерiмен өткiзiлетiн ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тiлдерге аударылып, мемлекеттік тiлде жүргiзіледi.

Қазақстан Республикасының Президентi - Н. Назарбаев