Бұл мүлдем қиын емес. Сіздің денсаулығыңыз бен көңіл күйіңізді жақсарту үшін дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласындағы басқа мамандар ұсынатын бірқатар алдын алу жолдарын кәдеңізге жарату жеткілікті.

- Ұйқыны қандыру. Ағзаның жақсы тынығуы үшін түнгі ұйқы кем дегенде 7-8 сағат болуы керек. Түнгі ұйқыда сағат 22-ден таңғы 5-ке дейін (шамамен) қажетті гормондарды шығарамыз. Теледидарды ұзақ уақыт көрудің, компьютерде немесе ұялы телефонда отырудың қажеті жоқ. Ұйықтар алдында бөлмені желдетіп, таза ауада 15-20 минут серуендеу ұсынылады. Жатын бөлмедегі оңтайлы температура 18-20 градус, төсек-орын құрғақ және таза болуы керек. Бір уақытта жатып, оянған жөн. Сонда сіз сергек оянып, күндізгі жүктемелерге дайын боласыз.

- Дене жаттығуымен айналысу. Таңертеңгілік жаттығулар, серуендеу, жүгіру, жүзу, спорт сынды кез келген физикалық белсенділік пайдалы болмақ. Энергетикалық күшіне байланысты мамандар физикалық белсенділіктің 3 деңгейін анықтады: төмен, орташа және қарқынды.

Төмен белсенділік – ұйқы, теледидар көру, оқу секілді энергия шығыны шамалы күйді көрсетеді. Қарқынды жүктемеге спорт, ауыр физикалық еңбек жатады. Қарапайым адамға күнделікті орташа жүктеме қажет. Күн сайын кем дегенде 20-30 минут қарқынды жүктемелермен немесе 40-60 минут орташа жүктемелермен айналысу ұсынылады.

Қазір физикалық денсаулығыңызды сақтау үшін мүмкіндік жеткілікті. Спорт залдары мен фитнес орталықтарында сізге қажет жаттығулар жиынтығын таңдап беретін инструкторлар бар. Емханаларда егде жастағы адамдарға дәрігерлер денсаулықты тексеріп, оны бақылауды үйретеді. Семіздіктің, гиподинамияның алдын алу үшін, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайту үшін ересектер аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды аэробикалық жаттығулармен немесе 75 минут жоғары қарқынды физикалық белсенділікпен айналысуы керек. Артық салмағы немесе семіздігі бар адамдар жаттығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңесуі керек.

- Шынығу. Ауа райы жылы кезде ауа ванналарын қабылдай аласыз, жалаң аяқ жүруге болады. Үйде контрастты душ қабылдап көріңіз. Ол үшін аяқтан бастап, судың температурасын біртіндеп төмендетіңіз. Шынығуды денсаулығы жақсы адамдар ғана бастай алады. Вирустық инфекциялар өршіген кезде үйден шықпас бұрын және үйге келген соң мұрын қуысын тұзды ерітіндімен немесе дәріхана ерітінділерімен жуу ұсынылады. Бұл шынығу әдісі емес, бірақ шырышты қабықты микробтар мен шаң бөлшектерінен тазаруға мүмкіндік береді.

- Дұрыс тамақтану. Тағам әртүрлі, теңдестірілген болуы керек және ағзаға қажетті қоректік заттарға – ақуыздарға, майларға, көмірсуларға бай болғаны абзал. Дәрумендер мен микроэлементтер де организм үшін өте маңызды. Ақуыз – біздің денеміз үшін «құрылыс материалы» болып саналады, бұлшықет, тері және басқаларына негіз болады.