Көптеген адам күз мезгілін суықпен, жаңбырмен байланыстырады. Өйткені күзде дене жазғы режимнен қысқы режимге ауыса бастайды және бұл кезең ағзада ауыртпалық тудырады. Суық ауа райы басталғанда әл-қуаттың төмендеуі, шаршау, көңіл күйдің болмауы адамды мазалайды. Оған қоса, респираторлық вирустық инфекциялар күшіне енеді.

Күз басталғанда көп адам еңбек демалысынан шығады. Балалар мен студенттер мектеп, колледж, университеттегі оқуына кіріседі. Қоғамдық орындарда, көлікте – барлық жерде адам көп болады. Ал бұл – вирусқа ең қажет нәрсе: бір адам түшкірсе немесе жөтелсе, айналасындағы барлық адам ауру жұқтырады. Сонымен бірге, ауа райы құбылмалы болып, салқындайды және біз де сыртқы температураға сәйкес киінбейміз. Суық тию, түнгі ұйқының жетіспеуі, стрес, жаман әдеттер иммундық жүйеге теріс әсер етеді. Әлсіреген иммунитет микробтарға толық қарсы тұра алмайды, олар біздің денемізге оңай еніп, ауру тудырады.

Күзде мазалай бастайтын аурулардың тағы бір тобы – тыныс алу органдарының, жүрек-тамыр жүйесінің, зәр шығару жолдарының және буындардың созылмалы ауруы. Өздеріңіз білетіндей, ауру күз бен қыста жиі өршиді. Салдарынан суық тиіп, вирустық инфекциялар қозуы мүмкін. Кейбір жағдайда барометрлік қысымның жоғарылауы денсаулықты нашарлатады. Күз – суық мезгіл, әлсіреген адамның ағзасы атмосфералық қысымның тез өзгеруіне бейімделіп үлгермейді. Бұл созылмалы патологияның өршуіне ықпал етеді. Сондықтан қазірден бастап өз денсаулығыңызға назар аударып, ауырудың орнына жақсы көңіл күймен жүру үшін барлық мүмкіндікті пайдалануыңыз керек.